Биография
Еркебай Бүрлібайұлы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында 1934 жылы туылған.
Ташкент шахарындағы педагогикалық училищені, Низами атындағы педагогикалық институттың тарих факультетін бітірген. Оңтүстікке белгілі ұстаз, тарихшы, шежіре танушы. Ұзақ жылдар «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінің штаттан тыс тілшісі де болған. Жас кезінен бастап, осы күнге дейін аудандық, облыстық, республикалық коптеген газет-журналдарда оның тарихы танымдық және әдеби шығармалары тұрақты жарияланып келеді. 1977 жылы Алматыда шыққан «Шұғыла» атты өлеңдер жинағына , 1996 жылы Алматыдан шыққан «Жабай тоқсаба-әулие» кітабына да көптеген еңбектері кірді. 2004 жылы «Жабай баба» жеке кітабы шықты. 2006 жылы, «Ойсыл баба–Сіргелі ұрпақтары» кітабына 11 тарихи мақаласы енді. 2011 жылы Шымкенттің «Кітап» баспасынан «Есте қалған есімдер», «Жабай бабаның киесі», «Қарқара» атта үш томдық шығармасы жарық көрді.
Еркебай Бүрлібайұлы, 30 жылдан астам мектеп директоры қызметін атқарған
. «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген қызметкер», КСРО орден, медальдарымен марапатталған және КСРО мен ҚР оқу-ағарту ісінің үздік қызметкері. 1987 жылы Қазақстан Республикасы мұғалімдері съезі делегаты. 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы мектеп директорлары байқауы жеңімпазы. Жергілікті кеңестің әр кезеңдегі депутаты болып сайланып, қоғам өміріне белсене араласып отырған. Сарыағаш, Отырар «аудандарының құрметті азаматы».